20 тамыз күні Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында (Алтынсарин даңғылы, 24а) OMG продюсерлік студиясынан шыққан отбасылық комедияның тұсаукесері өтеді. Іс-шараға түсірілім тобы, эстрада және кино жұлдыздары қатысады.

Самал – 35 жастағы өмірге құштар, жағдайы жақсы, бірақ тым ырымшыл әйел. Ол тұрмысқа шығуға асықпайды. Самал туған анасынан гөрі сенетін көріпкелі – Розаға жиі барып тұрады. Бір күні Роза оған тағдырлы хабар айтады: оған болашақ жары туралы жоғарыдан белгі келгенін жеткізеді. Егер Самал сол ер адамды тауып, оған тұрмысқа шықпаса, бақытсыз өмір кешетінін ескертеді. Мистикалық болжамға сенген Самал өзінің адал құрбылары – батыл бұрынғы спортшы Сезім мен фанат астролог Катяны ертіп, сол «тағдыр бұйыртқан» ер адамды іздеуге шығады. Болжамдағы белгілерді қуған олар шағын ауылға тап болады. Барлық жорамалдар қарапайым, бірақ жүрегі кең ауыл азаматы Бақытқа әкеледі. Ол да әлі үйленбеген болып шығады. Дегенмен, Самал жағдайды түсіндіргенде, Бақыт бұл «тағдыр ойынына» күліп қана, үзілді-кесілді бас тартады.

Фильмде Қазақстанның танымал актерлері Зарина Кармен, Айшолпан Байтүгел, Қанат Тасхан, Жансая Мұратбекқызы, Азамат Рзагалиев, Марат Алибаев және тағы басқалар басты рөлдерді сомдады. Режиссері – Дархан Саркенов.

Бас продюсер – Алмат Шадмат және Our Media Group продюсерлік компаниясы. Бұған дейін компания «Биік сезім» фильмін шығарған. Алдағы уақытта компанияның тағы бір премьерасы – «Әмеңгер. Ағама аманат» драмасы (18 қыркүйек).

Related Article