Әмеңгер. Ағама аманат

Қысқаша мазмұны

Жанат – өмір бойы ауылда қалып, әке-шешеге қарайласып, бір әулеттің тірегіне айналған өз ортасына сыйлы кәсіпкер жігіт.  Қырыққа келсе де бойдақ жүрген ол бүкіл ғұмырын ағалық міндетке, жерге, салтқа арнаған. Бірақ жалғыздық пен аяқ асты жабысқан ауыр дерт оны іштей мүжіп барады. Өзіне берілген өмірдің аз қалғанын да ол білетін. Сондықтан, жалғыз інісі Архатты әйелі Алтынаймен бірге қаладағы қарыз бен қылмыс әлемінен құтқарып қалғысы келіп, қоймай жүріп ауылға көшіріп алады.  Бірақ бауыр мен аға арасында татулық емес тартыс күшейе түседі.  Ағасының шектен тыс қамқорлығын қорлық көрген Архат бағынғысы келмейді. Алтынай екі ағайындының ортасында қалып, өз өмірінің бағытын енді ғана анықтап үлгермей жатып, күтпеген трагедия орын алады. Сондай күндердің бірінде, кенеттен Архат ауыл шетінде өз көлігінде өртеніп кеткен күйі табылады. Бауырының қазасы еңсесін езіп, болашағын бұзып кеткендей болған Жанатқа қысқа уақытта өте күрделі,  тек ағалық емес, адамдық, азаматтық шешім қабылдау керек болады.  Ол жесір қалған Алтынайды, өзінің келінін қазақтың мың жылдық салты бойынша, әмеңгерлік жолмен алмақшы болады. Бұған әрине ауылдың сыйлы азаматтарының бірі, Алтынайдың ағасы Бекболат үзілді кесілді қарсы болады. Бірақ, ауылдың көз алдында — “әмеңгерлік” деген ескі дәстүр қайта тіріледі. Алтынай ешкім ойламаған қадамға барып Жанатқа әмеңгерлікпен тұрмысқа шығуға келісім береді. Оның бұл шешімі өз тағдырын ғана емес, тұтас бір әулеттің ары мен болашағын өзгертетінін Алтынай жақсы түсінді.  Сынаққа, ауырлыққа, қауесетке толы жол болса да, осы жолды өз еркімен таңдады. Қоғам үшін – бұл шок. Заманауи сана оны түсінбей, қайынағасы екеуі бүкіл қоғамның өсек аяңы мен талқысына қалады. Туысқаннан бастап, көшедегі тұрғынға дейін олардың бұл қадамын жабайылық деп бағалап, тәрбиесіздігін бетіне басып жатты. Бұл жай ғана салт па, әлде екеуінің жан-дүниесіндегі әлдеқашан басталып кеткен үнсіз махаббат па? Қоршаған ортаға қызығы осы болатын. Бірақ Жанат үшін бұл – өлген бауырдың алдындағы соңғы парыз, ардың алдындағы шындық болатын. Осылай қайын ағасы мен келіні неше түрлі сынақтан өтіп, уақыт өте келе өз өмірлерін түзеп, бір біріне бой үйрете бастайды.  Ерлі зайыптылардай қол ұстасып өмір сүре бастайды.  Ал, барлығы өлді деп ойлаған Архаттың ең соңында өз үйіне, өз әйелі Алтынайға тірі оралуы, бұл оқиғаның бар шындығын мүлде басқа бағытқа бұрып жіберуге жеткілікті болатын.

“Әмеңгер” – бұл ескі салт пен бүгінгі қоғам арасындағы қақтығысты ғана емес, ер-азаматтың ішкі трагедиясын, рухани жалғыздығын, ұрпақ жалғастығы үшін күресін суреттейтін терең психологиялық драма. Бұл фильм махаббат емес, парыз туралы. Жеңіс емес, шыдам туралы. Жанат арқылы көрермен нағыз ерліктің үнсіз келетінін, кейде дәстүрдің өзі махаббаттан да биік болатынын түсінеді. Дәстүр мен заман талабы, махаббат пен парыз, құрмет пен кек арасындағы тартыс — бұл фильмде шынайы әрі терең баяндалады.

Видео және фото

1 фото